Орал қалалық білім беру бөлімі және «Оқушылар сарайы» МКҚК-ның ұйымдастырумен балаларды білім беру ұйымдарына тасымалдауды ұйымдастыру барысында олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мектеп автобустарымен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында «Қауіпсіз мектеп автобусы» республикалық акциясы аясында «Балалар қауіпсіздігі – баршаның міндеті» тақырыбында екі күндік қалалық семинар оздырылды.
Семинар барысында Оқушылар сарайының уақытша міндетін атқарушы Қ.А.Таскарина семинар бағдарламасымен таныстырып, қалалық білім беру бөлімінің әдіскері Т.А.Теміршеева «Қауіпсіз мектеп автобусы» республикалық акциясы туралы мәлімет беріп,семинар қонақтары мен баяндамашыларға сәттілік тіледі. «Гауһар жолы» қоғамдық бірлестігінің менеджерлері М.А.Камалов жол белгілері, жолда жүру ережелері, жол қауіпсіздігі туралы баяндап, «Мобильді алаң» презентациясы көрсетіліп, Э.С.Бекказиева «БҚО қауіпсіз жолдар» жобасының оқу бағдарламасымен таныстырды. «Жас инспектор» үйірмесінің жетекшісі Е.Б.Жалғасбаев 2019 жылы «Оқушылар сарайы» ғимаратында ашылған «Балаларға арналған жол қауіпсіздігі» алаңының жұмыс барысымен бөлісіп, «Жол қауіпсіздігі басты назарда» тақырыбында жол қозғалысы ережелерін оқытудың жаңа тәсілдері бойынша сабақ беру үлгілерін көрсетті. Орал қалалық полиция басқармасы жергілікті ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторы Д.Т.Мажитова «Жол ережесін сақтау-қауіпсіздік кепілі» тақырыбында баяндама жасалып, орын алған жол-көлік оқиғалары туралы айтылып, сақтану шаралары мен ережелері айтылды.
Семинар соңында «Гауһар жолы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Г.К.Бисенова «БҚО қауіпсіз жолдар» жобасында атқарылған іс-шаралар туралы баяндап,қалалық білім беру бөліміне және «Оқушылар сарайы» ұжымына алғыс хаттарын ұсынды және семинарға қатысушы педагогтерге естелік сыйлықтары мен жадынамалар таратылды.
Семинарға қала мектептерінің сынып жетекшілері, қосымша білім беру педагогтері және жергілікті ювеналдық полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторлары қамтылды.